Астанадағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде жолаушылар үшін жаңа тарифтік жүйе енгізілді.
Жаңа ережелер 1 тамыздан бастап күшіне енді және жолаушыларға бір реттік жол жүру ақысынан бөлек, бірнеше күнге арналған абонементтер мен сапар пакеттерін таңдауға мүмкіндік береді.
Күндік және мерзімдік абонементтердің құны:
- 1 күн – 500 теңге;
- 3 күн – 1500 теңге;
- 5 күн – 2500 теңге;
- 10 күн – 4000 теңге;
- 15 күн – 5000 теңге;
- 1 ай – 7500 теңге;
- 3 ай – 20 000 теңге.
Сондай-ақ белгілі бір сапар санына арналған пакеттер де қолжетімді:
- 5 сапар – 900 теңге;
- 10 сапар – 1800 теңге;
- 20 сапар – 3500 теңге;
- 30 сапар – 5000 теңге.
Айлық абонементті айдың 15-іне дейін сатып алған жағдайда, ол ағымдағы айдың соңына дейін жарамды болады. Егер сатып алу 15-інен кейін жүзеге асса, абонементтің әрекет ету мерзімі келесі айдың бірінші күнінен басталады.
Барлық абонементтер мен сапар пакеттері алғашқы валидациядан кейін іске қосылады. Күндік абонементтер күнтізбелік күннің соңына дейін, ал сапар пакеттері белгіленген сапар саны толық пайдаланылғанға дейін жарамды.
Жол жүру карталарын және тарифтерді станция кассаларынан рәсімдеуге болады. Баланс кассаларда немесе терминалдар арқылы тексеріледі. Карта жоғалған жағдайда оған жазылған белсенді абонементтер қалпына келтірілмейді және басқа картаға ауыстырылмайды.
Қазіргі уақытта жаңа тарифтік жүйе тек Tarlan Astana желісінде жұмыс істейді. Болашақта оны қалалық автобус желісімен біріктіру жоспарланып отыр.


