Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Қала аумағында судағы жаппай демалыс, туризм және спортқа арналған ресми орындар белгіленген. Оның ішінде тұрғындардың қауіпсіз шомылуына арналған арнайы демалыс аймақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, суға түсуге болмайтын қауіпті учаскелер анықталып, бұл орындарға тыйым салатын ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Қазіргі таңда қауіпті аумақтардың санын арттыру жұмыстары жалғасуда.
Департамент тарапынан су айдындарындағы демалыс орындарының иелерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп, судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау және демалыс орындарын талапқа сай жабдықтау мәселелері түсіндірілуде.
Шомылу маусымы кезінде Жедел-құтқару жасағы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Құтқарушылар қажетті жүзу құралдарымен, байланыс және дауыс зорайтқыш құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс орнында мобильді құтқару бекеті ұйымдастырылып, тұрақты кезекшілік жүргізілуде.
Маусым басталар алдында ресми жағажайлардың су түбі тексеріліп, тазартылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тиісті зерттеп-тексеру жұмыстары жүргізілді.
Судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында Департамент полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Рейдтік іс-шаралар, білім беру ұйымдарындағы интерактивті және ашық сабақтар, практикалық оқу-жаттығулар мен сынып сағаттары тұрақты түрде өткізілуде.


