Шымкент қаласында ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Аталған әлеуметтік маңызы бар нысан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ерекше бақылауында.
150 орынға есептелген жаңа орталық І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жоғары сапалы әлеуметтік және медициналық оңалту қызметтерін көрсетуге арналған. Оның басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау және әлеуметтік қолдау тетіктерін одан әрі нығайту. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын кешеннің құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталды. Бес блоктан тұратын орталықтың құрамында үш қабатты оңалту корпусы, екі қабатты стационар, емдік-сауықтыру бассейні, спорт залы, 150 орындық акт залы, кең асхана және заманауи оңалту кабинеттері қарастырылған. Мұнда жүйке жүйесі, сезім мүшелері және тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтарға кешенді оңалту қызметтері ұсынылады. Білікті мамандар әрбір қызмет алушыға физикалық, психологиялық және әлеуметтік бейімдеу бағытында жан-жақты қолдау көрсетеді. Құны 14 млрд теңгені құрайтын жобаның бүгінгі таңда 10 млрд теңгесі игерілді. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жауапты мекемелердің мәліметінше, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, орталық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың осал санаттарына қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету – Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы барлық әлеуметтік нысандардың құрылысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тұрақты бақылауында.


