Жыл соңына дейін Қызылорда облысының көлдері мен жайылымдарына қосымша 258 миллион текше метр су жеткізіледі.
Қазір өңірдегі 181 көл жүйесіне су жіберіліп жатыр. Жыл басынан бері табиғи экожүйелерді қолдау мақсатында 942 миллион текше метр су бағытталған.
Сырдария ауданында «Жетікөл» каналы 26 жылдан кейін алғаш рет тазартылды. Ұзындығы 16,5 шақырым болатын арнаны қалпына келтіру нәтижесінде 10 көл жүйесі мен үш ауылдық округтің егістік және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту жақсарды.


