Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі тиіс. Бұл – ешқашан естен шығармауға тиіс айқын ақиқат.
«Бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды көптеген тарихи оқиға болды.
Аз уақыттың ішінде халқымыз біртұтас ұлт ретінде ауқымды жұмыстар атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа сәтті жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.
Жаңа Конституцияның күшіне енуін еліміздің тарихындағы аса маңызды бетбұрыстардың бірі деп бағалауға болады. Нәтижесінде елдің одан әрі дамуы мен өркендеуіне жол ашатын берік құқықтық негіз қалыптасты.
Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің негізі қаланды.
Бұл жүйе мемлекеттік құрылымды толық жаңғыртуға, билік институттарының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың елді басқару ісіне қатысуына нақты мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді», – деді Президент.


