«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін цифрлық телнұсқаны сынақтан өткізді. Жаңа технология мұнай өндіруді тиімді жоспарлап, ұңғымаларды орналастырудың оңтайлы нұсқаларын анықтауға мүмкіндік берді.
Кен орнының мұнай қоры шамамен 14,8 млн тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта қордың 36,7 пайызы ғана игерілген. Цифрлық модельді пайдалану арқылы кен орнын игерудің 600-ден астам ықтимал сценарийі талданған.
Бұрын осындай есептеулерді жүргізуге бір айдан астам уақыт қажет болса, жаңа жүйе қажетті есептерді небәрі алты күнде орындаған.
Модельдеу нәтижесінде бастапқы жоспардағы алты тік ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыма бұрғылау тиімді екені анықталған. Осы шешімнің өзі 640 млн теңге көлемінде экономикалық тиімділік беріп, мұнай өндіру көлемін 45 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұған дейін мұндай шешімдер негізінен әртүрлі жүйелерде талдамалық әдіспен таңдалған сценарийлердің шектелген жиынтығы негізінде қабылданып келді. Осылайша, “Цифрлық телнұсқаны” қолданудан осы кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді алу әлеуетін көріп отырмыз, бұл шамамен 16 млрд теңге», – деп атап өтті Асхат Хасенов.
Кен орнында өндірістік процестерді автоматтандыруға бағытталған өзге де цифрлық шешімдер енгізілген. Атап айтқанда, бұрғылау жұмыстарын онлайн бақылауға арналған «цифрлық ұңғыма» және өндірісті басқаруға мүмкіндік беретін зияткерлік стансалар іске қосылды. Бұл технологиялар өндірістік шығындарды 5 пайызға дейін, ал еңбек шығындарын 15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Компания цифрлық телнұсқа технологиясын өндірістің негізгі бөлігін қамтамасыз ететін ірі кен орындарына да таратуды жоспарлап отыр.
«Кен орындарының цифрлық телнұсқасы өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін ТОП-12 кен орнын енгізілетін болады. Жобаны енгізуден 2030 жылға дейін қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру күтіледі», – деді басқарма төрағасы.

