Tokyo Metropolitan University (TMU) шетел азаматтарынан Tokyo Global Partner Scholarship Program (Tokyo GP) стипендиялық бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдайтынын жариялады.
Бағдарлама талантты студенттерге Жапонияда магистратура немесе докторантурада білімін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған Kazinform хабарлады.
Tokyo GP бағдарламасы әлемнің түкпір-түкпірінен болашағы зор студенттерді тартуға, сондай-ақ халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Бағдарлама аясында қатысушыларға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда:
- қабылдау (емтихан) жарнасынан толық босату;
- оқуға қабылдау жарнасын төлемеу;
- оқу ақысының толық өтелуі;
- халықаралық әуе билеті шығындарының өтелуі;
- ай сайын 150 мың жапон иені көлемінде стипендия төленуі.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Tokyo GP бағдарламасына Азия елдері мен аймақтарындағы TMU университетінің серіктес оқу орындарында білім алып жатқан студенттер қатыса алады. Сонымен қатар тиісті елдердің ғылыми-зерттеу ұйымдарының, мемлекеттік органдарының және компанияларының қызметкерлері де бағдарламаға өтініш бере алады.
Білім беру Science, Urban Environmental Sciences, Systems Design, Human Health Sciences және басқа да бағыттар бойынша жүргізіледі. Алайда кейбір білім беру бағдарламалары тек жапон тілінде жүзеге асырылады.
Бағдарламаға қалай өтініш беруге болады?
Бағдарламаға қатысу үшін мына қадамдарды орындау қажет:
1. Tokyo Global Partner Scholarship Program ресми сайтына кіру.
Tokyo Global Partner Scholarship Program ресми сайты
2. Оқу бағытын таңдау.
Tokyo Metropolitan University құрамындағы өзіңізді қызықтыратын бағытқа сәйкес Graduate School-ды таңдау қажет.
3. Білім беру бағдарламасын таңдау.
Master’s немесе PhD деңгейіндегі бағдарламаны таңдауға болады. Магистратураға түсу үшін бакалавр дәрежесі, ал докторантураға түсу үшін магистр дәрежесі немесе оған теңестірілген біліктілік қажет.
4. Tokyo GP талаптарына сәйкестікті тексеру.
Кандидаттың GPA көрсеткіші кемінде 2,30 болуы тиіс.
Сонымен қатар үміткер ағылшын тілін CEFR B2 немесе одан жоғары деңгейде білетінін тиісті біліктілікпен немесе сертификаттық тест нәтижесімен растауы қажет. Балама ретінде жапон тілін JLPT N2 немесе одан жоғары деңгейде меңгергенін дәлелдеуге болады.
Бұдан бөлек, үміткер бағдарламаның аумақтық және серіктестік талаптарына сәйкес келуі керек.
5. Таңдалған Graduate School-дың Application Guidelines құжатымен танысу.
Бұл құжатта қажетті құжаттар тізімі, өтініш беру мерзімдері мен тәртібі көрсетілген. Талаптар мен мерзімдер Graduate School және таңдалған білім беру бағдарламасына қарай өзгеруі мүмкін.
6. Өтінішті Tokyo Metropolitan University-дің таңдалған Graduate School-ына белгіленген тәртіппен және белгіленген мерзімде тапсыру.
7. Іріктеу және қабылдау рәсімінен өту.
Іріктеу тәртібі мен талаптары тиісті Graduate School-ға байланысты белгіленеді. Сондықтан таңдалған бағдарламаның Application Guidelines құжатындағы ақпаратты мұқият тексеру қажет.
Стипендия қандай мүмкіндіктер береді?
Іріктеуден сәтті өткен кандидаттарға Tokyo GP бағдарламасы аясында қабылдау (емтихан) жарнасы, оқуға қабылдау жарнасы және оқу ақысы толықтай өтеледі.
Сонымен қатар студенттерге ай сайын 150 мың жапон иені көлемінде стипендия төленеді. Оқу аяқталғаннан кейін Жапонияға бару және елге қайту үшін әуе билеттерінің құны да өтеледі.
Бұдан бөлек, университет студенттерге баспана іздеу мәселесінде қолдау көрсетеді.


