Қазақстанның грек-рим күресінен ұлттық құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын бес медальмен аяқтады. Отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Темірлан Тұрдақын әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Финалда ол Иран балуаны Ясин Әли Яздиден 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Ал 55 келіге дейінгі салмақта Арсен Жұма қола медаль үшін өткен кездесуде Қырғызстан өкілі Барсбек Асанқожоевті жеңді. 130 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жохар Узaров та Армения балуанынан басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұған дейін Айбек Айтбеков (60 келіге дейін) пен Юсуф Ашрапов (72 келіге дейін) әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына екі алтын медаль салған болатын.
Әлем чемпионаты енді әйелдер күресінен өтетін белдесулермен жалғасады.


