Қазақстанда 2026 жылдың қыркүйегінде тұрғын үй нарығындағы мәмілелер саны төмендеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір айда баспанаға қатысты 35 406 сатып алу-сату келісімі тіркелген. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 1,1 пайызға аз. Ал былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 14,3 пайызға төмендеген.
Қыркүйек айында тұрғын үй ең көп сатылған қалалар қатарында Алматы мен Астана көш бастады. Алматыда 7 248 мәміле жасалса, елордада 6 119 келісім тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіштің тиісінше 20,5 және 17,3 пайызын құрайды. Ал Қарағанды облысында 2 540 мәміле жасалған. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп, мұнда бар болғаны 280 келісім рәсімделген.
Өңірлердегі жағдай әртүрлі қалыптасты. Тамызбен салыстырғанда мәмілелер саны Түркістан облысында 24,8 пайызға, Жамбыл облысында 13,3 пайызға және Жетісу облысында 12,1 пайызға өскен. Керісінше, Қостанай облысында көрсеткіш 10,2 пайызға, Қарағанды облысында 10,1 пайызға, ал Алматыда 5,7 пайызға төмендеген.
Сатып алу-сату келісімдерінің басым бөлігі көпқабатты үйлердегі пәтерлерге тиесілі. Қыркүйекте мұндай 27 096 мәміле тіркелген. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 623 келісімге немесе 2,2 пайызға аз. Пәтерлерге қатысты операциялар барлық тұрғын үй мәмілесінің 76,5 пайызын құрады.
Пәтер сату көлемі бойынша Алматы бірінші орында тұр. Қалаға барлық мәміленің 24,8 пайызы тиесілі болса, Астананың үлесі 22,1 пайыз болған. Үшінші орында Қарағанды облысы орналасқан. Ал сатып алушылар арасында бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болды. Бір айда осындай баспаналар бойынша 10 434 мәміле жасалған.
Ал жеке тұрғын үйлер нарығында өсім байқалды. Қыркүйекте жеке үйлерді сатып алу-сату келісімдерінің саны 2,7 пайызға артып, 8 310-ға жеткен. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 222 мәмілеге көп. Ең жоғары өсім Ақтөбе облысында – 22,4 пайыз, Түркістан облысында – 18,3 пайыз және Шығыс Қазақстан облысында – 16,6 пайыз деңгейінде тіркелген.


