Қазақстанда қысқы маусымға дайындық аясында электр желілерін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл ел бойынша 17,1 мың шақырым электр беру желісі жаңартылып, 444 қосалқы станция және 3,4 мыңнан астам тарату мен трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.
Жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Негізгі мақсат – қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс артқан кезде желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұтынушыларды үздіксіз электр қуатымен қамту.
Электр желілерін жөндеу көлемі бойынша Ақмола облысы алдыңғы орында тұр. Өңірде 2,6 мың шақырымнан астам желі, 49 қосалқы станция және 555 тарату мен трансформаторлық пункт жаңартылды.
Павлодар облысында 2 444 шақырым электр желісі, 52 қосалқы станция және 609 пункт күрделі жөндеуден өтті. Ал Жамбыл облысында 1,8 мың шақырымнан астам желі, 63 қосалқы станция және 316 пункт жаңартылды.
Жылыту маусымы кезінде энергетикалық нысандардың жұмысына Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті мониторинг жүргізеді.


