Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін кешенді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Елімізде отандық дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі артып, өңірлердегі медициналық инфрақұрылым кеңейіп келеді. Сонымен қатар медицина кадрларының тапшылығын азайтуға бағытталған шаралар қабылданып, цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Президент елімізде өндірілетін дәрілік заттардың көлемін ұлғайтып, ассортиментін кеңейтуді, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылауға арналған заманауи цифрлық құралдарды енгізуді тапсырды.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттыру, медициналық көмектің халыққа, әсіресе өңірлер тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру.
Саланы кешенді цифрландыру медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге, үдерістердің ашықтығын арттыруға және денсаулық сақтау жүйесін жедел басқарудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


