Қазақстан транзиттік жүк тасымалының көлемін арттырып, халықаралық көлік дәліздерінің әлеуетін кеңейтуді көздеп отыр. Бұл мәселелер Астанада өткен Көлік апталығында талқыланды. Жиынға 40 елдің өкілдері қатысты.
Кездесуде Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша логистиканы дамыту мәселелеріне назар аударылды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның көлік саласындағы өсім 7,2%-ды құрады. Ал 2035 жылға қарай транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 39,1 млн тонна болған.
Сонымен қатар теңіз порттарының өткізу қабілетін төрт есе, ал флоттың қуатын бес есе арттыру көзделген. Соңғы жылдары елде 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді. Теміржол желісінің 5 мың шақырымы жаңартылды.
Көлік саласындағы негізгі міндеттер қатарында логистикалық кедергілерді жою, цифрлық шешімдерді енгізу және жүк қозғалысын жеделдететін «жасыл дәліздерді» дамыту бар.


