Қазақстанның халық әртісі, композитор әрі профессор Бақир Яхияұлы Баяхунов дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялады.
Өнер иесі қазақ музыкасының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, шығармашылық ғұмырын ұлттық мәдениетті өркендетуге арнады. Оның туындылары мазмұндық тереңдігімен және түрлі музыкалық дәстүрлерді үйлестіре білуімен ерекшеленді.
Композитор қазақтың дәстүрлі әуендерін Шығыс халықтарының музыкалық нақыштарымен сабақтастырып, оларды еуропалық академиялық музыканың көркемдік тәсілдерімен ұштастырды. Мұндай шығармашылық ізденіс ұлттық музыка өнерінің мүмкіндігін кеңейтіп, отандық композиторлық мектептің дамуына үлес қосты.
Бақир Баяхуновтың мәдениет саласындағы еңбегі мен шығармашылық мұрасы қазақ өнерінің тарихында сақталады. Оның музыкаға сіңірген еңбегі мен қалдырған туындылары кейінгі буын өнерпаздары үшін маңызды рухани құндылық болып қала бермек.


