Қарағанды облысында Сарыбел станциясының
вокзалы жаңартылды
Қарағанды облысында Сарыбел станциясындағы теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Жаңартылған нысан жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған заманауи көлік торабына айналды. Сонымен қатар инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігіне қойылатын талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілді.
Жоба аясында 1965 жылы салынған вокзал ғимаратына кешенді реконструкция жүргізілді. Жаңартудан кейін нысанның жалпы аумағы 487,4 шаршы метрді құрайды. Вокзал қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған, жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи стандарттарына сай келетін бір қабатты заманауи ғимаратқа айналды.
Реконструкция барысында шатырды орнату, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, сумен жабдықтау, кәріз, жылумен және электрмен қамту жүйелерінің сыртқы және ішкі инженерлік желілерін жүргізу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ перрон жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды, қажетті жабдықтар мен заманауи жиһаздар орнатылды.
Нысанның сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Вокзалдың қасбеті заманауи фиброцемент панельдерімен қапталды. Ішкі әрлеу жұмыстарына отандық өндірістің ұзақ уақыт пайдалануға жарамды, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай жуылатын материалдары қолданылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық жолдар мен шығу орындары жабдықталды.
Сарыбел станциясының теміржол вокзалы 1-ші типтегі вокзалдарға жатады. Станция арқылы күн сайын Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай және Павлодар бағыттарымен қатынайтын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Сарыбел станциясындағы теміржол вокзалының жаңартылуы Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстардың бір бөлігі болды. Мұндай жобаларды іске асыру көлік қызметінің сапасын арттыруға, өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуға және Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


