Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
2026 жылы салаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 791 млрд теңге Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында қарастырылған.
Қазіргі таңда елімізде 328 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 457 млрд теңгені құрайтын тағы 257 жоба конкурстық рәсімдер кезеңінде тұр. Оның ішінде 228 нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталған.
Жалпы оң динамикаға қарамастан, өңірлерде жобаларды дайындау және іске қосу қарқыны біркелкі емес. Мониторинг нәтижесіне сәйкес, конкурстық рәсімдерді өткізу және келісімшарттар жасасу бойынша Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында артта қалу байқалады.
Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірлерге жөндеу маусымының мерзімі шектеулі екенін ескере отырып, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Әсіресе конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізуге және мердігер ұйымдармен келісімшарттарды тез арада жасасуға басымдық берілуі тиіс.
Үкімет деңгейінде қажетті шешімдердің барлығы қабылданған. Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттаманың сараптамадан жедел өтуіне мүмкіндік беретін шаралар қарастырылған. Бұл өңірлерге жобаларды практикалық іске асыру кезеңіне тезірек көшуге мүмкіндік береді.
Әкімдердің коммуналдық секторға жетекшілік ететін орынбасарларына Ұлттық жобаның іске асырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды. Туындаған проблемалық мәселелерді жоба басқарушылары мен Үкімет Аппаратының деңгейіне жедел шығару қажет.
Осылайша, өңірлер алдында жобаларды іске асыру мерзімдерін созбалаңға салмай, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтау міндеті тұр. Бұл жұмыстың тиімділігі халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігіне тікелей әсер етеді.


