Түркістан облыстық тамыз кеңесі аясында арнайы және инклюзивті білім беру саласының мамандарына арналған алғашқы пленарлық секция жұмыстары басталды.
Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округіндегі №10 жалпы білім беретін мектепте өткен басқосуға сала мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері және арнайы білім беруді дамыту бағытындағы сарапшыларды қоса алғанда, 200-ге жуық қатысушы жиналды.
«Инклюзивті және психологиялық қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру: ерекше білім беру, заң мен тәртіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбындағы пленарлық отырыста ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті ортаны жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды.
Бүгінде Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау жүйесі кезең-кезеңімен күшейіп келеді. Өңірде 10 ПМПК, 17 ППТК және 7 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді. Сонымен қатар, шалғай елді мекендердегі балаларға қолжетімділікті арттыру мақсатында Түлкібас, Қазығұрт, Сауран, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласында 6 жаңа ПМПК ашу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыстағы білім ордаларында инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлармен қамтылған. Жалпы білім беретін мектептерде дефектологтар, логопедтер, педагог-ассистенттер мен жеке көмекшілер еңбек етіп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуде.
Пленарлық отырыста әмбебап дизайн (UDL) қағидаттары, School Buddy моделі, нейрокоррекциялық әдістер, балаларды әлеуметтендіру, психологиялық-педагогикалық қолдау және инклюзивті білім берудегі тиімді тәжірибелер таныстырылды.
Басқосудың басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар әрбір балаға жай ғана білім алуға мүмкіндік беру емес, оның әлеуетін ашып, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау.
Пленарлық бөлімнен кейін қатысушылар төрт бағыт бойынша секциялық жұмыстарға қатысып, инклюзивті білім берудің практикалық мәселелерін, әдістемелік қолдау тетіктерін және жаңа оқу жылындағы басым міндеттерді талқылайды.
Инклюзия – бұл мүмкіндік. Ал тең мүмкіндік – сапалы білімнің бастауы. Түркістан облысында әр балаға қолайлы, қауіпсіз және психологиялық тұрғыдан жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жаңа оқу жылында да жалғасын табады.


