2026 жылдың басынан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің әлеуметтік инспекторлары кедергісіз орта қалыптастыруға қатысты заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында 609 нысанға тексеру жүргізді.
Оның ішінде 205-і жоспардан тыс, 291-і профилактикалық бақылау аясында, ал 113-і прокуратураның талабы бойынша өткізілді.
Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 394 нұсқама берілді. Заң талаптарын сақтамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, жалпы сомасы 47,4 миллион теңгеден асатын 200 әкімшілік айыппұл салынды.
Тексерулер азаматтар күнделікті баратын түрлі нысандарды қамтыды. Атап айтқанда, 68 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 41 денсаулық сақтау нысаны, 127 білім беру ұйымы, 280 әлеуметтік қорғау нысаны, 4 мәдениет мекемесі, 5 спорт нысаны, 5 көлік инфрақұрылымы нысаны, 5 қоғамдық тамақтану орны, 32 сауда нысаны, 4 қаржылық қызмет көрсететін ұйым және 38 өзге де нысан зерделенді.
Жұмыс барысында тек заңбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, оларды жедел жоюға да ерекше көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде көптеген нысанда пандустар орнатылып, кіреберістер бейімделіп, тұтқалар мен қолжетімді ортаға қажетті басқа да құрылғылар қойылып жатыр. Бұл мүгедектігі бар адамдардың қажетті қызметтерді қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда алуына мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті әлеуметтік маңызы бар нысандардың жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін қолжетімділігіне жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша нысан иелеріне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, жауапты тұлғаларға заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолжетімді ортаны жетілдіру және заңнама талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады. Бұл барлық азамат үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.


