Атырау облысында төрт баланың анасы, 42 жастағы әйел өз пәтерінде қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға әйелмен бірге тұрған ер адам күдікке ілінген. Оқиға кезінде оның үш жасар қызы куә болған.
Қайғылы жағдай көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтерде болған. Көршілер сол күні ешқандай айғай-шу естімегенін айтқан. Кешкі уақытта 16 жастағы қызы анасын ауыр халде тапқан. Сол сәтте жанында үш жасар бүлдіршін ұйықтап жатқан.
Марқұмның туысы Фатима Шмированың айтуынша, кішкентай қыз алғашында болған жағдай туралы ештеңе айтпаған. Кейін ол әкесінің анасына пышақпен шабуыл жасағанын жеткізген.
«Үлкен немерем анасына жақындай алмады. Ол небәрі 16 жаста. Кішкентай қыз алғашында мүлде үндемеді. Кейін “Әкем анамды пышақпен ұрды” деді. Ол оқиғаның қалай болғанын көрсетіп, полиция қызметкерлеріне де айтып берді: “Әкем анамды ұрды, анам айқайлады. Мен жыладым. Мен қатты жылай бастағанда, әкем қашып кетті”», – деді Фатима Шмирова.
Күдікке ілінген 38 жастағы ер адам марқұм Алмагүл Шмировамен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Әйелдің бұрынғы некесінен екі ересек қызы болған, олар бөлек тұрған. Ал екі кішкентай қызы анасымен бірге өмір сүрген.
Туыстарының айтуынша, әйелдің денесінен 28 пышақ жарақаты анықталған.
Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулеттің мәліметінше, тұрмыстық жанжал кезінде әйелді өлтірді деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


