Ақтөбеде 26 жастағы жергілікті тұрғын TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезіндегі әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылық интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері тарапынан анықталған. Тікелей эфир кезінде әйел балағат сөздер айтып, өз сөздерін қорлайтын ым-ишаралармен сүйемелдеген.
Полиция құқық бұзушының Ақтөбе қаласының 26 жастағы тұрғыны Береке Нагиева екенін анықтады.
Сот шешімімен әйелге бес тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желілердің қоғамдық кеңістік болып саналатынын еске салды. Интернетте контент жариялау пайдаланушыларды заңға қайшы әрекеттері мен сөздері үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Балағат сөздер қолдану, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.


