Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған жаңа білім беру орны жұмысын бастады. №15 мектеп-интернаттың базасында №7 арнайы мектеп-интернаттың филиалы ашылып, оқушыларға тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылды.
Жаңа филиал балалардың оқуына, қабілетін дамытуына және жеке қажеттіліктеріне сай педагогикалық көмек алуына жағдай жасау мақсатында құрылған.
Қазіргі уақытта «Педагогтер академиясы» қоғамдық ұйымында бұрын білім алған 35 баланың құжаты қабылданған. Оның 23-і жаңа филиалға орналастырылса, қалған 12 бала мамандардың ұсынымдары мен жеке білім алу қажеттіліктеріне сәйкес өзге арнайы оқу орындарына жіберілген.
Мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті кабинеттер жабдықталған. Атап айтқанда, психолог пен логопед бөлмелері, сенсорлық интеграция кабинеті, бейімделген дене шынықтыру залы және психологиялық демалыс бөлмелері бар. Сонымен қатар балаларға арналған бассейн қарастырылған. Сабақтарды білікті педагогтер мен арнайы мамандар жүргізеді.
Филиалда 1–4-сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Оқу-тәрбие жұмыстары сағат 08:30-дан 17:00-ге дейін жалғасып, балалар күніне төрт мезгіл тамақпен қамтылады.
Үй жағдайында білім алуды қажет ететін балаларға да қолдау көрсетіледі. Мұндай жағдайда жеке сабақтарды ұйымдастыру мәселесі мамандардың қорытындысы мен ата-аналардың келісімі негізінде шешіледі.
Алматы қаласының Білім басқармасы мемлекеттік білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тегін оқуына мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оқу орнын таңдау кезінде баланың жеке ерекшеліктері мен мамандардың ұсынымдары ескеріледі.
Жаңа филиалдың ашылуы ерекше балаларға қолайлы орта қалыптастырып, олардың білім алуына және қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.


