Алматы-1 теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңғырту және оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және вокзал инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге басымдық берілген.
Жаңартылған вокзалдың жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асады. Ғимараттың ішкі кеңістігі қайта ұйымдастырылып, жолаушыларға арналған күту залы кеңейтілді. Сонымен қатар жаңа эскалаторлар мен лифтілер орнатылып, ақпараттық таблолар жаңартылды. Инженерлік жүйелер де заманауи жабдықтармен толықтырылып жатыр.
Нысанда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылған. Балалы жолаушылар үшін де қажетті инфрақұрылым жасалуда. Ғимараттың төменгі қабатында коммерциялық нысандар орналасады.
Жолаушылардың демалысы үшін модульдік қонақ бөлмелері ашылады. Сондай-ақ вокзал аумағында теміржол мұражайын орналастыру жоспарланған.
Вокзал алдындағы кеңістік те жаңа сипатқа ие болады. Қазіргі тұрақ аумағының орнына ағаштар мен гүлзарлары бар абаттандырылған аллея жасалады. Мұнда орындықтар мен демалыс орындары қойылып, жолаушыларға қажетті ақпаратты ұсынатын тақта орнатылады. Осылайша вокзал маңы жолаушылар үшін жайлы қоғамдық кеңістікке айналады.
Жаңғырту жұмыстары барысында конкорстың құрылымы күшейтіліп, әйнек элементтері пайдаланылуда. Сонымен бірге шатыр мен қасбет жаңартылып, ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі.
Жобаның белгіленген мерзімде аяқталуы үшін құрылыс жұмыстары тәулік бойы ұйымдастырылған. Күндізгі ауысымға 407 адам, түнгі ауысымға 68 адам тартылған. Бұдан бөлек, нысанда арнайы құрылыс техникасы жұмыс істеп жатыр.


