Әзербайжанда хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеу оқиғасы қоғамда үлкен пікірталас туғызып, жаппай наразылыққа себеп болды. Оқушылар мен олардың ата-аналары діни киімге байланысты балалардың білім алуына кедергі келтіруге қарсылық білдірді.
Даудың туындауына 21 қыркүйекте мектеп формасына қатысты ережелерге енгізілген өзгерістер себеп болған. Жаңа талаптарда зайырлы білім беру қағидаттарына сәйкес келмейтін киімдерді киюге шектеу қарастырылған. Алайда құжатта хиджаб киюге тікелей тыйым салынбаған.Соған қарамастан, кейбір мектептерде орамал таққан қыздарды оқу орнына кіргізбеу жағдайлары тіркелген. Бұған наразы болған ата-аналар мен оқушылар өз қарсылығын білдіріп, балалардың діни ұстанымына байланысты білім алу құқығы шектелмеуі керектігін алға тартты.Кейбір аймақтарда наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Мәліметтерге сәйкес, бірқатар мектептің терезелері сындырылып, мектеп директорларының бірінің көлігі өртелген. Сонымен қатар тағы бір білім беру мекемесіне өрт қою әрекеті болған.Оқиғаларға байланысты елде 37 адам ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Қазіргі жағдайға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


