2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтер де ескеріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министр Құрылтай депутаты Наталья Рамазанованың «Отбасының цифрлық картасы» арқылы мұқтаж отбасыларды және олардың мәртебесін қайта қарау тәртібі туралы сауалына жауап берді.
Ертаевтың айтуынша, отбасының әлеуметтік жағдайы бір ғана көрсеткішпен емес, бірнеше дерек негізінде бағаланады. Жүйе мемлекеттік дерекқорлардан алынған ақпаратты пайдаланып, отбасыларды жұмыспен қамту, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несие жүктемесі, білім және басқа да көрсеткіштер бойынша талдайды. Бағалау шамамен 50 белгі мен сегіз негізгі бағытты қамтиды.
Министрдің сөзінше, жаңа тәртіп бойынша банктер алушының келісімімен оның шоттары мен депозиттері туралы ақпарат ұсынады. Бұл ретте отбасының табысы ғана емес, шығыстары да есепке алынады.
«Отбасының цифрлық картасы» 30 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген және ақпарат күн сайын жаңартылып отырады. Ал отбасының әлеуметтік санаты ай сайын қайта анықталады. Егер отбасының жағдайы нашарлап, мұқтаждық деңгейі өзгерсе, жүйе тиісті мемлекеттік қолдау шараларын проактивті түрде ұсына алады, — деді министр.


