«Абай әлемі» қалалық байқауы өз мәресіне жетті.
Шараны Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі үйымдастырды. Шара қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған.
Аталған байқау «10 тамыз – Абай күні» мерекесі аясында өткізіліп, жастардың ақын шығармаларын терең меңгеруіне, көркем сөз оқу шеберлігін шыңдауына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және дарынды жастарды анықтап, қолдауға бағытталды.
Шара барысында оқырмандар назарына «Абай мұрасы – мәңгілік құндылық» атты кітап көрмесі ұсынылып, онда ақынның өмір жолы, шығармашылығы мен әдеби мұрасы туралы құнды басылымдар қойылды.
Сонымен қатар кеш қонақтарына Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалып, ақынның рухани мұрасын дәріптеген мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Биылғы байқауға қаланың талантты жастары арасынан 42 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен 15 қатысушы ақтық кезеңге жолдама алып, өз өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған 7 қатысушы жүлделі орындарға ие болды.
Бас жүлде – Шаншар Иса Жақсыгелдіұлы;
I орын – Қали Үмбетәлі Бақтиярұлы;
II орын – Муслим Ләззат Шорақызы, Лескенқызы Ұлбала;
III орын – Шахыдин Гүлжанат, Маханбетов Тұрарбек Әбілдаұлы, Толмачева Ангелина Андреевна.
Байқауға қатысқан өзге де жастар дипломдармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Тағылымды шараға қаланың шығармашыл зиялы қауымы, ақын-жазушылар, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесі мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және кітапхана оқырмандары қатысты.


