Қазақстанға Вьетнамнан Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығынан 2,5 млрд теңге жымқырды деген іс бойынша негізгі күдікті экстрадицияланды. Оның сыбайластары бұған дейін сотталып, жаза алған.
Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыс жасалғаннан кейін Қазақстаннан қашып кеткен. 2025 жылдың наурыз айында оған халықаралық іздеу жарияланып, сот сырттай қамауға алу туралы санкция берген.
2026 жылдың басында ол Вьетнам аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қаржы жымқыру 2023–2025 жылдарға арналған есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік жоспарды іске асыру барысында жасалған. Осы бағдарлама аясында сот сараптамасы органдарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Тергеу мәліметінше, оның 2,5 млрд теңгесі заңсыз иемденілген.


