Шымкент қаласында госпитальдық фармация бөлімшелерін енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Бұл жүйе дәрілік заттарды тиімді басқаруға, олардың қауіпсіз әрі ұтымды қолданылуын қамтамасыз етуге және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін қаладағы 8 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істеп келген болса, бүгінде тағы 3 медициналық ұйымда жаңа бөлімшелер ашылды. Алдағы уақытта тағы бір медициналық ұйымда осындай бөлімшені іске қосу жоспарлануда.
Атап айтқанда, жаңа бөлімшелер Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында және «Хадиша» клиникасында ашылды.
Осылайша, бүгінде Шымкент қаласында госпитальдық фармация бөлімшелері 11 медициналық ұйымда жұмыс істейді.
Госпитальдық фармация бөлімшелерінің қызметі дәрілік заттарды сақтау, есепке алу және пайдалану үдерістерін жетілдіруге, дәрілік терапияның қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Бұл бастама денсаулық сақтау саласына заманауи басқару тетіктерін енгізуге, дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
