Денсаулық сақтау саласын цифрландыру. Саладағы қазіргі басымдықтың бірі осы.
Сондықтан, емдеу мекемелерінде цифрлық жобалар енгізіліп, алғашқы нәтижелерін бере бастады. Мәселен, қаладағы жедел медициналық жәрдем көрсету бекеті қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін 240 бейнежетон енгізілген. Сонымен қатар, CEREBRA AI, PACS жүйесі және әлеуметтік әмиян сынды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Шымкент қаласының бас дәрігері Қайрат Кәлібеков баспасөз брифингінде осы тұстарға жіті тоқталды.
«Cerebra AI деген программаны енгіздік. Бұл компьютерлік томография арқылы инсультті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйесі. Пилоттық режимде №2 қалалық ауруханада өткізіліп, қазіргі таңда №1 клиникалық ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада және Хадиша клиникасында енгізілді. Келесі PACS жүйесі – ишемиялық инсульт кезінде мидың зақымдалған бөлігін ерте анықтап, ота жасауға уақытылы шешім қабылдауға және КТ нәтижелерін қашықтан көру мүмкіндігін береді»,-дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Кәлібеков.
Көпшілікті алаңдататын эпидемиологиялық ахуал қаламызда тұрақты екен. Оның ішінде энтеровирустық инфекциялардың таралуы бойынша күрделі жағдай тіркелмеген. Бас дәрігердің айтуынша, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп, шомылу орындары мен инфекция таралуы мүмкін деген орындарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
«Қазіргі кезде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Энтеровирустық инфекцияларды мен күнделікті қарап отырмын. Өсу қарқыны жоқ. Кішкене жедел ішек инфекциясы бар. Ол – маусымдық инфекция. Жеміс-жидектерді халық жаз мезгілінде көбірек тұтынғаннан бар. Бірақ мынау, бассейндерді, су айдындарын әріптестерім қадағалап отыр. Дәл энтеровирустық инфекцияның жоғарылаған жағдайы жоқ»,-деді спикер.
Шаһардағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі де артқан, бүгінде 88,23 пайызға жетіпті. Бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 91 мекеменің 63-і аккредиттеуден өтіп, көрсеткіш 67 пайызды құрап отыр. Бұл – денсаулық сақтау саласын халықаралық стандарттарға жақындату бағытындағы нәтижелердің бірі. Ең бастысы, тұрғындарға денсаулығы аталған цифрларға сай жоғары сапалы болса, нағыз нәтиже сол болмақ.
Нұрай Жылқыбай
