Шымкентте қос саябақ жаңа кейіпке енді. Олардың атауы да өзгерді. Бұрынғы Қиял әлемі мен Кең баба енді «Сити парк», «Жапон саябағы» деп аталады. Шымкент қаласы күнінде шаһар тұрғындары мен қонақтары қайта жаңғыртылған саябаққа келді.
Субұрқақтар, жаңбыр сарқырамасы, амфитеатр мен шағын архитектуралық формалар. Жаңа кейіпке енген қос саябақта бұдан бөлек көз жауын алатын орындар көп. Жобалаушылардың тынығуға, серуендеуге келетіндер қолайлы атмосферада демалуы үшін барын салғаны бірден көрінеді. Әл-Фараби ауданында орналасқан қоғамдық кеңістікті жаңғыртып, көркейту атақты BI Group компаниясына жүктелген болатын. Межеленген 1 жылдың ішінде компания қос саябақты адам танымастай етіп өзгерткен. Аз ғана уақытта бір емес екі нысанды заманауи кейіпке енгізу – тыңғылықты тірліктің жемісі. Оның артында қаншама еңбек, төгілген тер жатыр.
365 күнде жаңаланған «Сити парк» пен «Жапон саябағы» Қала күніне керемет тарту болды. Оның ашылуына қала тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым, қала басшылығы қатысты. Тұрғындарға лебізін білдірген қала әкімі «жаңғыртылған парктер — қалалық жайлы ортаны дамытудың және мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи демалыс орнын ұйымдастырудың бір бөлігі», — деп атап өтті.
«Сити парктің» жалпы аумағы 47 465 м2 құрайды. Оның жарты аумағына жасыл желек егіліп, толығымен көгалдандырылған. Қалған аумағында субұрқақ композициялары, «дымқыл алаң» су ойын алаңы және «жаңбыр сарқырамасы» перголасы құрылған. Саябақта амфитеатр, пирстер, ағаш палубалары және «Кросспойнт» өнер нысаны да бар. Көптеген шағын архитектуралық нысандар орнатылған. Әткеншек аймақтары, балалардың ойын алаңшалары өте тартымды. Жалпы айтқанда, отбасылық серуенге, демалысқа арналған саябақ.
«Жапон саябағына» келер болсақ, бұрынғы Кең баба саябағы этно стильде, шығыс стилінде жаңартылды. Демалуға қолайлы мекен. Жапон саябағының аумағы 25 мың шаршы метрді алып жатыр. Негізгі идеясы — дәстүрлі жапон эстетикасын беретін кеңістік. Мұнда тоғандар, сәнді ағын, каскадты сарқырамалардың алуан түрі бар. Жасанды жартас құрылып, бұрынғы шағын хауыздар қайта жаңартылған. Саябақта жапон стилінде салынған қаншама шағын архитектуралық формалар, бастырмалар, көпірлер, торийлер, сәнді тастар, палубалар мен демалыс бұрыштары бар. Сондай-ақ, шәй үйі, пирс, серуен көпірі де көз жауын алады.
Жоба авторлары саябақтың символы болған аққу көлін сақтап қалды. Тек нысанды жаңартып, аққулар жұбына қара түсті аққуларды қосыпты. BI Group компаниясы шымкенттіктерге осындай ерекше тарту жасады. Саябаққа келушілер аққулардың кішкентай балапандарын да көре алады.


