Астана күні Шымкент қаласында 59 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 22 ұл және 37 қыз бала.
Қазіргі таңда аналар мен нәрестелердің жағдайы тұрақты. Барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Шымкент қаласында ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында төрт перинаталдық орталық тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Медициналық ұйымдарда жүкті әйелдерге, босанушылар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Перинаталдық көмек заманауи клиникалық хаттамаларға сәйкес ұйымдастырылып, білікті мамандар тарапынан жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау жүйесінде ана мен бала денсаулығын сақтау – басым бағыттардың бірі. Осыған сәйкес қаладағы перинаталдық қызметтің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.


