Үкімет Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді.
Құжатқа сәйкес, Мемлекеттік туды орналастыру талаптары жаңартылды. Енді туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен орнатуға болады. Сондай-ақ ол салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда орналастырылады.
- Жеке тұрғын үйлерде ту кемінде 3 метр биіктікте орнатылуы керек;
- Ту жерге, еденге, суға немесе басқа беттерге тимеуі тиіс;
- Тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнегі жоғары жағында болуы қажет;
- Ту таза, бүтін және зақымдалмаған болуы керек. Заң талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды автокөлік салонына орналастыруға да рұқсат етіледі. Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға немесе оның мәртебесін төмендететін әрекеттер жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ туды киім, төсек-орын, перде және басқа да тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға болмайды.
Жаңа қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.


