Қошқар ата жағалауына жақын барсаңыз да, халықтың көптігінен өзенді емес, тек адамдарды көресің, кәдімгі Ганга өзені! Бірақ бізді Үндістанмен тек халық саны емес, басқа да бір жаһандық мәселе біріктіреді. Ол — тазалық!
Шымкентті жарып өтетін шипалы бұлаққа келушілер әу бастан аз емес. Бірақ биылғы жазда өзенде шомылатындардың қарасы қалың. Аптап ыстық шыдатпай барады. Өкініштісі, салқындауға келген жұрт демалған жерін қоқысқа толтырудан шаршамайды. Мұндағы тазалықшылар ескертумен әлек. Олардың еңбегін ескеріп жатқан ешкім жоқ.
«Халықтың мәдениеті әлі де төмен. Қанша айтсаң да, тыңдамай орнын жинамай кетеді. Қасына келіп тұрып арбаға сал десең салмайды. Бізді мазақ ететіндері де табылады. Кейде үйге алып кетеміз дейді бірақ сол жерде қалдырып кететіндер көп. Сатушылар жұмысымызға жұмыс қосып береді. Олар жүгері сатады, гамбургер сатады. Халық соны алады да, сыртындағы қағазын, пакетін әр жерге тастап кете береді. Қарбыз, қауыннан қалған қалдықты айтпай-ақ қояйын. Тағыда қоқыс жинамайсыңдар деп бізге шүйлігеді. Жинауға тырысамыз, бірақ адам көп, ал біз екі адам болып тазалаймыз»,-дейді аула сыпырушы Бижамал Күмісбекова.
Өзен жағасынан апта сайын тонналаған қоқыс жиналады. Арнайы көліктер демалыс күндері кемі қоқысты 2 рет қатынап шығарады.
Демалыс аймағында тәртіпті қадағалау үшін полиция мен Ұлттық Ұлан сарбаздары да кезекшілік етеді.
Биыл Қошқар ата демалыс орнына 250 шаршы метр террассалық тақтай төселіп, шезлонгтар қойылған. Алайда, әдемі орынның ішкі мәселесі шешілер емес. Өзеннің тазалығын сақтап, айналадағы тәртіпті күзеткен санаулы жұмысшының еңбегі еленіп, көптің жауапкершілігі артпайынша, Қошқар атаның басты проблемасы — адам факторы болып қала бермек.
Ақерке Берекешова


