Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру үшін цифрлық сервистерді кеңейтуде.
ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисовтың айтуынша, атқарушылық іс жүргізу цифрлық форматқа көшірілді. Барлық негізгі рәсімдер атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Автоматтандырылған жеңілдетілген іс жүргізу рәсімінің арқасында жалпы сомасы 15 млрд теңгеден асатын 750 мыңнан астам атқарушылық құжат орындалды. Нәтижесінде азаматтар шамамен 4 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеген. Сонымен қатар, AdiletGov мобильді қосымшасымен біріктірілген «Тараптардың кабинеті» модулі мен «Цифрлық ассистент» сервисі іске қосылды. Бұл сервистер азаматтарға атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн режимде бақылауға, қажетті ақпаратты алуға және өтініштерін тікелей жолдауға мүмкіндік береді.
«2026 жылы Бірыңғай есепке алу жүйесімен және еңбек шарттарын есепке алу жүйесімен интеграция жүзеге асырылды. Бұл Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалардың құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына автоматты түрде шектеу қойып, олардың жұмыс берушілері туралы мәліметтер алуды қамтамасыз етті. Нәтижесінде 3 мың атқарушылық іс бойынша жалақыдан өндіріп алу шаралары қолданылып, 74 мыңнан астам автоматтандырылған сұрау жіберілді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ биыл атқарушылық іс жүргізуді проактивті бақылау тетігін, «ЖСО досьесі» аналитикалық модулін енгізу, екінші деңгейлі банктермен, Бірыңғай сақтандыру деректер базасымен, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграция жасау жоспарланып отыр. Бұл борышкерлердің табысы, мүлкі және көлік құралдары туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.


