Әл-Фараби ауданында 2026 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында айтарлықтай жұмыс істелді.
23 көппәтерлі тұрғын үйдің 16-сында жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал қалған 7 үйде жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлы баспасөз брифингінде айтты. Жиында кейбір редакцияларға келіп түскен мәселелер назарға алынып, ресми өкілге жолданды. Сол сауалдардың арасында көпқабатты үй ауласындағы гараждар жәйі қозғалды.
Қала аумағында заңсыз орналасқан дүңгіршектер мен гараждардың орналасу заңдылығына баға беретін құзырлы мекеме — Жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы. Аудан әкімі аппараты осы нысандардың иелерін анықтауға міндетті. Иелері анықталғаннан кейін нысандардың орналасу заңдылығын тексеру үшін Жер қатынастары басқармасына тиісті хат жолданады. Аудан әкімдігі орынбасарының айтуынша, нысанның орналасуы заңсыз деп танылған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті акт түзіледі.
«Тұрғындарға арнайы 10 күн беріледі. Заңсыз болған жағдайда, 10 күннің ішінде алынбаған жағдайда жерді өзінше иелену фактісі бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бірақ біз оған қарап жатқан жоқпыз. Өзіңіз айтқан гараж, дүңгіршіктер бойынша өте қарқынды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері біз 70-ке жуық заңсыз дүңгіршекті алдық,100-ге жуық гаражды алдық, — деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлы.
Әл-Фараби ауданының инфрақұрылымы басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай дамыған. 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 38 балалар ойын алаңы мен 2 спорт алаңын салыныпты. Ал биыл аталған жоба аясында 45 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 жаңа гүлзар салыныпты.
Нұрай Жылқыбай


