Түркістандағы Ясауи музейінде мұғалімдердің кәсіби және мәдени байланысын арттыруға бағытталған арнайы кездесу ұйымдастырылды. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы өткізген «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты шараға қала мектептерінің өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі бағыты – білім беру ұйымдары мен музей арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, ұстаздарды музей-қорықтың оқушыларға арналған танымдық және ағартушылық жобаларымен жақынырақ таныстыру.
Шара барысында мектептермен бірлескен жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген білім беру ұйымдарының басшылары марапатталды. Музей-қорық директорының орынбасары Сұлтан Темірлан бірқатар мектеп директорларына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Сонымен қатар ғылыми зерттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы Берік Байболов пен Музей педагогикасы бөлімінің басшысы Динара Арынова ұстаздарға музейдің білім беру бағытындағы жобалары жөнінде айтып, бірқатар педагогті «Ясауитану клубының» құрамына қабылдады.
Жиынға Түркістан қаласындағы мектептердің әкімшілік қызметкерлері, тәрбие ісіне жауапты мамандар, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері және қосымша білім беру саласының өкілдері қатысты. Қонақтарға музей-қорық атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Мәдени бағдарлама да мазмұнды ұйымдастырылды. «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінің өнерпаздары көпшілікке өнер көрсетсе, музей педагогы Сәкен Қонысбеков ән орындады. Ал «Жас экскурсовод» үйірмесінің тәрбиеленушілері қонақтарға музей залдарын таныстырып, арнайы экскурсия өткізді.
Кездесу кезінде ұстаздар Ясауи музейінің тарихи маңызы мен рухани мұрасымен танысты. Сондай-ақ музейдің оқушыларға арналған үйірмелері, ғылыми-танымдық бастамалары және мәдени-ағартушылық бағдарламалары туралы ақпарат алды.
Іс-шараның тағы бір бөлігі – кітап және шығармашылық көрмелерге арналды. Ясауитану ғылыми орталығы кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, балалардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Экспозициядан музей-қорықтың түрлі үйірмелері мен жобаларына қатысқан балалардың салған суреттерін, қолөнер бұйымдарын және өзге де еңбектерін көруге мүмкіндік болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер музей мен білім беру мекемелерінің бірлескен жұмысын жандандырып, жас ұрпаққа тарихи-мәдени мұраны танытуға қосымша мүмкіндік береді.


