Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жолайрық ашылып, эстакада арқылы көлік қозғалысы басталды. Нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жолайрықтың құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – көлік ағыны көп аумақтардағы қозғалысты реттеп, жүргізушілердің жол жүруіне қолайлы жағдай жасау.
Қазіргі уақытта эстакаданың негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылып, жол таңбалары сызылды. Жаңа нысанның іске қосылуы қаланың осы бөлігіндегі көлік қозғалысын ұйымдастыруға және жолдағы жүктемені азайтуға бағытталған.
Қала әкімінің айтуынша, Шымкентте жол инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне сай жүргізілуі керек. Бұл ретте заманауи көлік шешімдерін енгізу арқылы кептелістерді азайту, қала ішіндегі қатынасты жеңілдету және аудандар арасындағы байланысты жақсарту көзделген.
Сонымен қатар жолайрықтың төменгі бөлігінде жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Атап айтқанда, айналма қозғалысты ұйымдастыру, оң жақ өткел тармақтарын ретке келтіру және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жоспарланған.
Жолайрық аумағындағы абаттандыруды қоса алғанда, барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жоба толық жүзеге асқаннан кейін аталған учаскеде көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.


