Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірнеше қарияның шаңырағына арнайы барып, мерекелік лебізін жеткізді.
Қала басшысы Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовпен жүздесіп, олардың өмір жолы мен еңбек тәжірибесіне қатысты әңгімелерін тыңдады. Кездесу барысында қариялар өткен жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ойларын ортаға салды.
Ғабит Сыздықбеков аға буынның ел мен қала дамуына сіңірген еңбегін атап өтіп, олардың кейінгі ұрпаққа берер өнегесінің маңызын айтты. Қарияларға естелік сыйлықтар табысталып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық пен ұзақ ғұмыр тіленді.
Қазіргі таңда Шымкентте 105 мыңнан астам зейнеткер бар. Қалада олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бірқатар қолдау тетіктері жүзеге асырылуда.
Мәселен, биыл Халықаралық қарттар күніне байланысты 70 жастан асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Ал 80 жастан асқан жалғыз тұратын 101 қарияға ай сайын 2 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған.
Қарттардың денсаулығын нығайтуға да басымдық беріліп отыр. Биыл санаторий-курорттық ем қабылдауға 8 735 адамды жолдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 5 090-ы тиісті жолдамамен қамтылды.
Қаладағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесі де егде жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұнда күн сайын 800-ден астам зейнеткер спорттық жаттығуларға, шығармашылық үйірмелерге және сауықтыру шараларына қатысады.
Сонымен қатар Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындарға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілген. Қариялар қаладағы театрлар мен музейлерге, хайуанаттар бағына және дендросаябаққа да ақысыз кіре алады.
Бұл шаралар аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, денсаулығын күтуіне және бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.


