Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жаңа дәуір талаптарына сай толық цифрлық мемлекет құру жолын таңдаған.
Президенттің айтуынша, биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар елордада нейрожелілердің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді.
«2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – біздің цифрлық болашақты таңдағанымыздың айқын көрінісі. Біз қоғам болып осы стратегиялық мақсатқа бірге қол жеткізуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ келесі жылы Астана Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен өтетін әлем чемпионатын қабылдайды. Президент бұл алдағы ірі жобалардың бір ғана бөлігі екенін атап өтті.
«Бүгін елордамызда мәні ерекше бірегей шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллекттің тоғысқан алаңы, сондай-ақ физикалық күш пен зияткерлік әлеуеттің жарысы. Белгілі болғандай, бұл екі ұғым бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, өзара толықтырып тұрады. Алдағы бәсекелердің терең философиялық мәні де осында», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ойындарды ашық деп жариялап.


