Астана қаласының прокуратурасы жедел медициналық жәрдем станциясында аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу нәтижелерін жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында мекеменің бұрынғы директоры, көлік бөлімінің бұрынғы басшысы және бас механик әрі қойма меңгерушісі санитарлық автокөліктерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаражатты заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.
Тергеу барысында заңсыз әрекеттердің салдарынан жұмысқа жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны 149-дан 32-ге дейін қысқарғаны анықталды. Соның салдарынан тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету қызметінің жұмысына кері әсерін тигізген.
Прокуратураның мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы материалдық шығын 700 миллион теңгеден асты. Оның ішінде 440 миллион теңгеден астам қаражат сот үкімі негізінде өндірілсе, такси қызметтеріне жұмсалған 300 миллион теңгеден астам сома азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп алынатын болады.
Сот айыпталушыларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті немесе бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен айыпталушылар 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


