Қазақстанның Жоғары сот кеңесі адвокаттарды судьялық қызметке тарту жұмысын жандандыруды көздеп отыр. Бұл мәселе кеңес төрағасы Дмитрий Малаховтың Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараевпен және Астана қаласы адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Руслан Узкановпен кездесуінде талқыланды.
Жоғары сот кеңесінің пікірінше, адвокаттардың құқықтық білімі мен тәжірибесі сот жүйесін білікті мамандармен толықтырып, сот төрелігінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңес мәліметінше, 2025 жылдан бастап 2026 жылдың осы кезеңіне дейін заңгерлерге судьялыққа арналған біліктілік емтиханы мен іріктеу тәртібін түсіндіру мақсатында 60-тан астам семинар өткізілген. Оған еліміздің түрлі өңірінен шамамен 20 мың заңгер қатысқан. Олардың 8 мыңнан астамы – адвокаттар.
Кездесуде шетелдік тәжірибе де қаралды. Дмитрий Малаховтың айтуынша, сотта өкілдік ету тәжірибесі мол адвокаттар сот үдерісінің ерекшеліктерін жақсы меңгергендіктен, судья қызметіне лайықты үміткер бола алады. Олардың тәжірибесі істің мән-жайын жан-жақты бағалап, процеске қатысушылардың ұстанымдарын ескеруге көмектеседі.
Тараптар адвокаттардың судьялық қызметке бейімделу жолдарын және осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін де талқылады.


