2020 жылға дейін балық шаруашылығының дамуына құқықтық базаның жеткіліксіздігі, көлеңкелі айналым, инвестициялық қызығушылықтың төмендігі, мемлекеттік қолдаудың аздығы, жеңілдетілген несие берудің жоқтығы, балық ресурстарын жаңғырту кешендерінің ескіргендігі кедергі келтірді. Осыған байланысты 2021 жылы балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, Бағдарлама аясында тауарлық балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту, балық өнімдерін ішкі тұтыну көлемін 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ табиғи су айдындарындағы балық ресурстарының көлемін 7%-ға арттырып, 237 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Оның ішінде 49,6 мың тонна балық ауланды, 23 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Экспорт көлемі 21 мың тоннаны, импорт көлемі 55 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 4 келіден 7 келіге дейін өсті», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
