Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Қазақстан экономиканың негізгі секторларына жасанды интеллект технологияларын енгізе отырып, цифрлық трансформацияны жеделдетуде.

Еліміз мемлекеттік басқару мен бизнеспен өзара іс-қимылдың негізі ретінде ЖИ-ді таңдап, AI-First архитектурасына көшуде.

Қазіргі таңда өнеркәсіп пен энергетикадан бастап денсаулық сақтау мен білім беруге дейінгі 72 саланы қамтитын цифрлық трансформацияның 20 картасы бекітілді. Бұл бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге және кәсіпкерлердің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Қоғам игілігі үшін 50-ден астам ЖИ-агент жұмыс істеп, жоғары тиімділік көрсетуде. Денсаулық сақтау саласында «Cerebra AI» инсультті ерте диагностикалау жүйесі енгізілген аймақтарда өлім-жітім көрсеткішін 40%-ға төмендетті, ал ЖИ-терапевт ондаған клиникада дәрігерлерге табысты көмек көрсетуде.

Кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде: бизнес бастауға арналған ЖИ-көмекші бәсекелестік ортаны талдап, алғашқы кезеңде операциялық шығындарды екі есеге қысқартады.

Сондай-ақ, 24/7 режимінде жұмыс істейтін салықтық ЖИ-ассистент және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп құрылған қаржыландыру өтінімдерін сүйемелдеуге арналған мамандандырылған көмекші жұмыс істеп тұр.

Алдағы жоспарда – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін технологияларды масштабтау, атап айтқанда, абонент жауап бергенге дейін алаяқтық қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйелерді енгізу көзделген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту үшін Vibe Coding тәжірибесі енгізілуде. Бұл оларға күнделікті жұмысты автоматтандыру үшін өз бетінше ЖИ-агенттер жасау мүмкіндігін береді.

Бұл экожүйені жүзеге асыру – проактивті сервистік мемлекет үлгісіне көшуге бағытталған ұлттық стратегияның көрінісі. Мұнда цифрлық шешімдер экономиканың орнықты өсуі мен мемлекеттің қоғаммен өзара іс-қимылының сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етудің сенімді құралына айналады.

Share.
Exit mobile version