Шымкенттегі танымал «Арбат» саябағында бұқаралық және көше спортын қолдауға бағытталған дәстүрлі «Брусья фест» фестивалі өтті.
Қала жастарының басын қосқан тартысты бәсеке биыл да ерекше серпінмен ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — көше спортын (street workout) дамытумен қатар, жас буынның бос уақытын тиімді әрі салауатты өткізуіне мүмкіндік беру.
Фестивальдің басты ерекшелігі — оған тек жасөспірімдер ғана емес, спортты серік еткен ересектер де белсене қатысты. Солардың бірі — 37 жастағы қала тұрғыны Тағабай Қасымов. Ол жыл он екі ай бойы үзіліссіз дайындалып, бұл додаға үшінші жыл қатарынан қатысып келеді.
«Жасым 37-де. Бұл — жастар үшін де, қалада бұқаралық спортты дамыту үшін де өте қажет жарыс. Осы додаға 2022 жылдан, яғни 32 жасымнан бері үзбей қатысып келемін. Әлі жүлделі орын бұйырған жоқ, көбіне 4-ші немесе 5-ші орындардан көрініп жүрмін. Бірақ орын алмасам да, дайындықты еш тоқтатқан емеспін. Құдай қаласа, биыл биік белесті бағындырамын деген жоспарым бар», — дейді Тағабай Қасымов ағынан жарылып.
«Брусья фест» жарысы 2022 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сайысқа қатысушылардың шеберлігі де, оған қызығушылардың саны да жыл өткен сайын артып жатқанын ұйымдастырушылар да растап отыр.
Шымкент қаласы дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы директорының орынбасары Еркінбек Өрісбаевтың айтуынша, биылғы доданың деңгейі де, сыйақысы да қомақты:
«Брусья фесттің» жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрайды. Жарыс жас ерекшелігіне қарай 4 санат бойынша өтіп жатыр. Оның ішінде 3 санат ер жігіттер арасында болса, 1 санат қыз балаларға арналған. Қатысушылардың дайындығы жылдан-жылға шыңдалып келеді», — деп атап өтті басқарма өкілі.
Биылғы бәсеке өте тартысты әрі қызықты өтті. «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, бұл бәсекеде жеңілгендер болған жоқ. Тұғырдан көрінген жеңімпаздардан бөлек, қатысқан әрбір спортшы өз ерік-жігері мен деңгейін таныта алды.
Ұйымдастырушылар аталған шара алдағы уақытта ауқымын бұдан да кеңейтіп, қаланың бұқаралық спортын жаңа деңгейге көтеретін басты жобаға айналатынына сенімді.
Саят Айдосұлы
