Министрлік әскери техниканың қозғалысына қатысты ресми хабарлама таратты.
Еліміздің бірқатар өңірінде әскери техниканың қозғалысы артуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі айтты. Ресми деректерге сүйенсек, 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізілмек.
«Жекелеген бөлімшелер оқу полигондары мен оқу орталықтарына жоспарлы марштар жасайды. Осы кезеңде өңірлердегі жекелеген автожол учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді басшылыққа алуға шақырады»,–делінген хабарламада.
