Шымкентте жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирі басталды.
Qosanov Memorial — қазақ жеңіл атлетикасының аңызы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғұсман Ситтықұлы Қосановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир. Биыл аталған дода 35-рет өтуде.
Ғұсман Қосанов — Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихындағы ерекше тұлға. Ол 1960 жылы Римде өткен XVII жазғы Олимпиада ойындарында 4×100 метрлік эстафетада күміс медаль жеңіп алып, Олимпиада тұғырына көтерілген алғашқы қазақ спортшысы атанды. Оның тарихи жетістігі отандық жеңіл атлетиканың дамуына серпін беріп, кейінгі буын спортшыларына қайталанбас үлгі.
Qosanov Memorial турнирі 2021 жылдан бері World Athletics Continental Tour Bronze Level санатында өткізіліп келеді. Бұл мәртебе жарыстың халықаралық деңгейін арттырып, спортшыларға әлемдік рейтингке ұпай жинауға мүмкіндік береді.
Биылғы жарысқа 11 елден 250-ге жуық атлет бақ сынауда. Атап айтсақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Мысыр, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Грузия және Қазақстан құрамалары.
Турнир бағдарламасына жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар енгізілген. Дода аясында 27 жеке дисциплина және 4 эстафеталық сайыс бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Ерлер арасында: 100 м, 200 м, 400 м, 800 м, 1500 м, 5000 м, 110 м кедергілер арқылы жүгіру, 400 м кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру, биіктікке секіру, сырықпен секіру, ядро итеру және эстафеталық сайыстар.
Әйелдер арасында: 100 м, 200 м, 400 м, 800 м, 1500 м, 5000 м, 100 м кедергілер арқылы жүгіру, 400 м кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру, биіктікке секіру, сырықпен секіру және эстафеталық сайыстар. Сонымен қатар жарыс кестесінде аралас эстафеталық бәсекелер де бар.
XXXV Qosanov Memorial турнирінде Олимпиада ойындарына қатысқан, әлемдік және құрлықтық деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинаған бірқатар шетелдік спортшылар бақ сынайды.
Олардың қатарында Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы, Грузия рекордшысы Гиорги Муджаридзе (Грузия), Рио-2016 және Токио-2020 Олимпиадаларының қатысушысы Лаша Гулелаури (Грузия), Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы, жабық кешендегі Азия чемпионы Нұрсұлтан Кеңешбеков (Қырғызстан) бар.
Сондай-ақ жарыс жолына Бейжің-2008 және Париж-2024 Олимпиадаларының қатысушысы, Түрікменстан рекордшысы Валентина Мередова (Түрікменстан), Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы Илдар Ахмадиев (Тәжікстан), Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы Фаворис Музрапов (Тәжікстан), Малайзия рекордшысы Андре Анура Ануар (Малайзия), Әзербайжан рекордшысы Екатерина Сариева (Әзербайжан) және жастар арасындағы Азия чемпионы Барнохон Сайфуллаева (Өзбекстан) шығады.
Қазақстан құрамасы атынан жүлде үшін Азия чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері Аделина Земс, ұлттық құраманың көшбасшылары Александра Залюбовская, Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая, Полина Иванова, Анна Черкашина, Рамазан Шаиев, Иван Иванов, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова және Аяна Болатбекқызы сынға түседі.
Айта кетейік, 2021 жылдан бері Qosanov Memorial турнирі World Athletics Continental Tour Bronze Level күнтізбесіне енгізілген. Бұл мәртебе спортшыларға әлемдік рейтингке ұпай жинауға мүмкіндік беріп, алдағы халықаралық жарыстарға іріктеу жолында маңызды рөл атқарады.
Bronze Level талаптарына сәйкес, турнирдің жалпы жүлде қоры 53 000 АҚШ долларын құрайды. Ақшалай сыйақы әр дисциплинада 1–6 орын алған спортшыларға табысталады.
Жарыс 30 маусым мен 1шілде аралығында өтеді.
