Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

 Шымкентте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Соның нәтижесінде жыл сайын баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған отбасылар саны артып келеді.

Бүгін «Көрме» орталығында өткен салтанатты рәсімде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады. Бұл жолы тағы 30 шымкенттік отбасы қоныс тойын атап өтті.

Қала әкімі тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледі. Сондай-ақ, тұрғын үй саласын дамыту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Көп қабатты үйлер заманауи қалалық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан.

Баспана көп балалы отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне табысталды.

Айта кету керек, тұрғындардың жеке баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Share.
Exit mobile version