Түркістан қаласында академиялық есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Елдің әр өңірінен келген үздік спортшылар бақ сынаған байрақты бәсекеде Түркістан облысының ескекшілері жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 42 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 24 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлде бар.
Төрт күнге созылған ел чемпионатында түркістандық спортшылар жекелей және командалық бағдарламаларда жоғары шеберлік танытып, жалпыкомандалық есепте көшбасшылар қатарынан көрінді. Бұл нәтиже өңірде академиялық ескек есу спортының жүйелі түрде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтады.
Соңғы жылдары Түркістанда су спортына ерекше көңіл бөлініп келеді. Заманауи талаптарға сай салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы спортшылардың сапалы дайындалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, республикалық және халықаралық жарыстарды тұрақты қабылдайтын маңызды спорт нысанына айналды. Биыл дәл осы кешенде ескек есу мен параканоэден жастар арасындағы Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, құрлықтың үздік спортшылары бақ сынады. Халықаралық дода Түркістанның әлемдік талаптарға сай спорт инфрақұрылымы қалыптасқан өңір екенін және ірі жарыстарды өткізу әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен жаңа спорт нысандары пайдалануға беріліп, қолданыстағы кешендердің мүмкіндігі кеңейтілді.


