Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдени күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылып, облыс тұрғындары мен қала қонақтарына ауданның бай тарихы, мәдениеті мен ұлттық мұрасы кеңінен таныстырылды.
Кіреберістегі қақпадан басталған театрландырылған көріністер ұлттық рухты айшықтап, күмбірлеген күй мен халық әндері көпшілікті қазақы ортаға жетеледі. Домбыра үнімен әрленген мәдени бағдарламаның алғашқы бөлігінде ауданның өткені мен бүгінін танытатын көріністер қойылды.
Арнайы ұйымдастырылған көрме алаңдарында аудандық кітапхана ұжымы ұлттық әдеби мұралар мен тарихи еңбектерді таныстырса, қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған жәдігерлер көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығының тарихы мен тағылымын таныстыратын экспозиция ұсынылып, қасиетті мекеннің ел тарихындағы орны кеңінен насихатталды.
Фестивальдің негізгі бөлігінің бірі ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналды. Тігілген киіз үйлерде халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қыз ұзату, сырға салу, ат қою, тұсау кесер секілді дәстүрлері арнайы театрландырылған қойылымдар арқылы сахналанды. Сондай-ақ әжелер күбі пісіп, құрт жасап, текемет басу мен ши тоқу өнерінің қыр-сырын көрсетіп, ұлттық қолөнердің өміршеңдігін көпшілікке паш етті.
Ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік әлеуетін танытқан «Ордабасы өнімдері» көрмесінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қойылып, келушілерге табиғи әрі сапалы өнімдер ұсынылды.
Фестиваль барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресі, асық ату арқан тарту және өзге де ұлттық ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Алтыбақан маңында жастар ұлттық ойындарды жаңғыртып, мерекенің сәнін келтірді.
Шараның мазмұнын байыта түскен аудандық мәдениет үйінің жанынан құралған “Темірлан жасөспірімдер” театрының өнерпаздары әрбір көрме мен таныстырылымды шағын театрландырылған қойылымдармен әрлеп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың әсерлі қойылымдары мен кейіпкерлері фестивальдің көркемдік деңгейін арттырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мәдени іс-шара барысында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, «Өнерлі өлке» фестивалінің ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге, өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытуға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті.
– Бұл фестиваль – өнердің ғана емес, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының, рухани әлеуетінің және мәдениет саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың жарқын көрінісі. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, қолөнерімізді, ән мен күйімізді кейінгі ұрпаққа дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай тағылымды жобалар халықтың бірлігін нығайтып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосады, – деді аудан әкімі.
Кешкілік мерекелік бағдарлама «Ордабасы – бірлік пен берекенің мекені» атты ауқымды гала-концертпен жалғасты. Ауданның өнер ұжымдары мен талантты әншілері ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би мен театрландырылған көріністер үйлесім тапқан концерт көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.
Ордабасы ауданының мәдени күндері ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ауданның рухани байлығы мен мәдени әлеуетін жан-жақты таныстырған тағылымды мерекеге айналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


