Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңадан салынған өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Өз кезегінде ауыл ақсақалы Ахметжан Эргешов тұрғындар атынан ризашылығын білдіріп, елдің амандығы жолында қызмет ететін құтқарушыларға ақ батасын берді.
Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай салынған. Ғимарат төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда жеке құрамның қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалып, өрт сөндіру техникалары мен жабдықтарын орналастыруға арналған арнайы бокстар қарастырылған.
Іс-шара барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен облыс әкімдігі тарапынан азаматтық қорғау саласында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бағдарлама аясында өрт сөндіру бекеттерінің желісін кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
