Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала аумағындағы 6 сектор бойынша кезекті халықпен кездесуі Яссы секторынан басталды.
Кездесу барысында шаһар басшысы сектор аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен жыл басынан бері жүзеге асқан жобалар туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды таныстырды. Сондай-ақ өткен жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды.
Бүгінде Яссы секторында 43 мыңнан астам тұрғын тұрады. Сектор аумағында 5 100 тұрғын үй, 191 көше, 400 кәсіпкерлік нысан, 6 мектеп, 3 аурухана, 26 балабақша, 5 саябақ, 3 колледж және 20 қонақ үй орналасқан.
Кездесуде инфрақұрылым саласындағы атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Қазіргі таңда сектор тұрғындарының 99,5 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
Сонымен қатар кәріз жүйесін дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қала бойынша орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту деңгейі 36,5 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта қалада 7 ірі нысанның құрылысы жүргізілсе, оның бірі Яссы секторында іске асырылып жатыр. Жоба нәтижесінде 7 480 абонент кәріз жүйесіне қосылады.
Сектор аумағын абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы Тәуке хан мен Тыныштықұлов көшелерінің қиылысында сәндік қоршаулар мен шағын сәулеттік нысандар орнатылып, аумақтың келбеті жақсартылды. Хақназар хан көшесінде жабық футбол алаңы пайдалануға беріліп, Мұғалжар көшесіне балалар ойын алаңшасы орнатылды. Ал биыл Өтемісұлы және Алтын Орда көшелерінде спорт және ойын алаңшаларының құрылысы басталды.
Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша Яссы секторындағы 264 көшенің 220-сі асфальтталған. Нәтижесінде асфальт жолдардың үлесі 88,5 пайызға жеткен. Биыл жалпы ұзындығы 17,3 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 16 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар толық орындалған жағдайда сектордағы асфальт жолдардың үлесі 97,4 пайызға дейін артады.
Сонымен қатар Қазыбек би мен Ораз Жарылқапов көшелерін жалғайтын 2,5 шақырымдық жол құрылысы аяқталды. Қоғамдық көлік қатынасын жақсарту бағытында қала бойынша 22 маршрутта күн сайын 239 автобус қызмет көрсетуде. Биыл «ТехПрофАвто» ЖШС тарапынан 23 электр автобус сатып алынып, №15 және №18 бағыттарына қосылды.
Қауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында өткен жылы Яссы секторында 78 бейнебақылау камерасы мен 4 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану камерасы орнатылды. Ал биыл сектор аумағында қосымша 26 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Еркін форматтағы кездесу барысында тұрғындар кәріз жүйесі, жол сапасы, қоғамдық көлік қозғалысы, көше жарығы, интернет желісінің қолжетімділігі және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қала әкімі әрбір сұраққа заң аясында нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, қала әкімінің Бірлік секторы тұрғындарымен кездесуі бүгін, 23 мамыр күні сағат 17:00-де Үржар мен Алғабас көшелері қиылысындағы аллеяда өтеді.


