Қаладағы дәріханаларды тексеру барысында рецептісіз берілмейтін препараттарды астыртын сатқандар мен тиісті құжаты жоқ өнімдерді айналымға енгізген кәсіпкерлер анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Садықова мәлім етті.
Елімізде заң бойынша 5 мыңға жуық дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан бақыланады. Егер өнім құны бекітілген шекті мөлшерден асып кетсе, тиісті органдар кәсіпкерге шара қолдануға құқылы. Ал ол дәрілердің заңды бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы №97-ші бұйрығында тайға таңба басқандай жазылған.
Мамандар тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Егер сіз дәрінің бағасы негізсіз қымбаттағанын немесе жасырын сауданы байқасаңыз, бірден құзырлы органдарға шағымдана аласыз.Себебі, фармацевтика нарығындағы заңсыздықты жою — ортақ міндет.
Саят Айдосұлы


